Наурыз мейрамы






Бүгін Алматы қаласының Мемлекеттік архивінде Амал мерекесіне орай Көрісу өтті. Бұл күні архив ұжымы ауыл — ауылға бөлініп, ауыл жастары жасы үлкен әріптестерінің ауылдарын аралады. Қыстан аман шыққан әріптестер бір-бірінің амандық-саулығын сұрап, құшақ жайысып көрісті. Архив басшысы Ботанов Абзал Кабдолбаритович архив ұжымын Амал мерекесімен құттықтады. Ұжымның ақсақалдары ауыл жастарына ақ батасын беріп, ақ жол тіледі. Бұл мереке — күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың бейнеті мен қиындығынан аман-есен шығып, халықтың Наурыз мерекесі алдында мәре-сәре болатын күндердің бірі. Амал айту күні адамдар, арасындағы бұрынғы өкпе-реніштерін кешіріп, араздықтарын ұмытады. Көрісу — ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін тамаша дәстүр. Құрметті ұжымдастар, береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын! Бір жастарыңызбен!