Біз әртүрліміз – біз теңбіз
1995 жылдың 18 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні деп жарияланды.
«Бірлік болмай тірлік болмас» — деп, Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін тойлайды. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерекше.
1995 жылы 1- наурызда дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктердің, 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді.
Осындай халықтар достастығының куәгері ретінде, Алматы қаласының Мемлекеттік архивіндегі жеке адамның қалыптасу қор құжаттарында тамыры тереңге тартқан татар халқының өкілдері педагог, Семей қаласындағы татар ұлттық-мәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі Абдулкаримов Махмұт Хамитұлы мен ақын, аудармашы, суретші Абдулкаримова (Назырова) Найля Юсупқызының отбасылық қорын атауға болады.
Абдулкаримов Махмут Хамитұлы 1927 жылы Семей облысының Көкпекті селосында дүниеге келген. Ұлты татар. 1960 жылы Москва тарих-мұрағаттану инситутын бітірген. Ол өзінің өмір жолын Көкпекті селосында, балалық шақтан бастап газет-журналды тасудан бастаған. Махмут Хамитұлы 1945 жылы әскер қатарына алынып, Белоруссия жерін минадан тазартуға қатысады. Сол жылдан бастап М.Х. Абдулкаримов қоғамдық істерге араласып, солдаттар арасында саяси сабақтар өткізіп отырған.
1990 жылдан Махмут Хамитұлы Абдулкаримов «Татар қоғамы орталығының» төрағасы болып сайланды. Ол Семей облыстық татар қоғамының негізін қалаған адам. Махмут Хамитұлының ұсынысы бойынша Қазақстанда бірінші рет «Семей таңы» атты татар тілінде газет шығарылды. Сонымен бірге ол қала мектептерінде татар тілі сабағын енгізу, қала мен облыста ұлттық «Сабантуй» мерекелерін өткізу және облыстық халықтар достығы үйін ұйымдастырудың тікелей ұйытқысы бола білді. Махмут Хамитұлы облыстық және Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі. Ол бірлік пен азаматтық келісімді, халықтар достығын нығайтуды, өз жұмысының ең негізгі ісі деп санаған.
Абдулкаримова Найля Юсупқызы 1929 жылы 29 желтоқсанда Семей облысы Зуболуг селосында дүниеге келген. Білімін 1941 жылға дейін Семейдегі татар мектебінде алған. Кейін Семейдегі қаржы-экономикалық техникумында жалғастырады.
Найля Абдулкаримованың татар тілінде оқып, білім алғаны «Татар қоғамы орталығын», оның платформасы мен жарғысын құруға, газеттер шығарып, мақалалар жазуға көп әсерін тигізді. Ол татар тілінде жергілікті радиодан сөйлеп, көптеген татар газет журналдарымен хабарласып, әрбір өткізілген «Сабантуй» мерекесінің ұйымдастырушысы болады. Сонымен бірге, өлеңдер шығарып, майлы бояумен суреттер салып, көптеген ақындардың өлеңдерін орыс, қазақ тілінен татар тіліне аударумен шұғылданды.
№ 351 Абдулкаримовтардың отбасылық қорындағы құжаттары мен шығарамларында қазақ халқы мен татар халқының мәдениеті мен шығармаларының өзара рухани туыстық байланысын көреміз.
Қазақ өнерінің қалыптасуына бауырлас татар халқы өкілдерінің де ықпалы аз болмағанын айтып өткен орынды.
Осы орайда, халықтар достастығының ғұмыры ұзақ, қамалы берік және ұлтаралық қатынас үлгісінің одан əрі дамыту жəне жетілдіру мақсатында Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің тарапынан қыруар жұмыстар атқарылуда.
Қазақстан халықтарының бірлігі күні жыл сайын атаулы мерекеге Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатыр. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі, еліміздегі ұлтаралық татулық, ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!