«МҰЗАФАР-ӘЛЕМІ» атты еске алу кеші
Бүгін Алматы қаласы Мемлекеттік архивінде №821 қор құрушысы Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын, аудармашы, публицист, эссеист, әдебиет зерттеуші, сыншы, балалар жазушысы, «Құрмет» орденінің иегері Мұзафар Әлімбаевтың 100- жылдық мерейтойына арналған «МҰЗАФАР-ӘЛЕМІ» атты еске алу кеші және қордың ашылуы өтті.
Мұзафар Әлімбаев есімі барша қазаққа бала жастан таныс. Өлеңдері тұтас бір ғасырдан бері қазақтың жас буын өкілдерін тәрбиелеп келеді.
Іс-шараны Алматы қаласы Мәдениет басқарамасы архивтер және құжаттама бөлімінің басшысы Мария Оразқызы ашты.
Сондай-ақ ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы «Балдырған» журналының бұрынғы қызметкері, суретші Еркін Нұразхан және «Балдырған» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Мүсірәліұлы қаламгердің нақыл сөздеріне тоқтала отырып, тың деректермен бөлісті.
Ал ұлы Баламер Әлімбаев пен келіні Пернегүл Омарова әкелерінің өмірі мен шығармашылығын дәріптеген архив ұжымына алғыстарын айтты.
Шара аясында ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқап, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы №145 мектептің оқушылары өлең жолдарын оқыды. Архив қоймаларына экскурсия ұйымдастырылып, ақынның жеке қор құжаттарынан қойылған көрме таныстырылды. Бүгінгі таңда қаламгердің 100 жылдық мерейтойымен қатар келген «Балдырған» журналының 65 жылдығына орай, архив директоры Абзал Қабдолбаритұлы естелік айтып пікір бөліскен әріптестерін және оқушыларды Алғыс хаттармен марапаттады.